Өскеменде бой көтеретін теннис орталығы халықаралық стандарттарға сай болады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай келетін теннис орталығы Өскемен қаласында салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бой көтеретін теннис орталығының жалпы ауданы 9,6 мың шаршы метрді құрамақ. Суық түскенге дейін орталық ғимараты толығымен салынады. Әрлеу жұмыстары жылы бөлмеде жүргізілуі үшін барлық коммуникациялар, атап айтқанда жылу, жарық, су жүргізілген.

«Орталықта 2 спорт залы болады. Бірі халықаралық стандарттарға сәйкес келсе, екіншісі – жаттығу залы. Осылайша, мұнда бір уақытта 250-ге жуық спортшы айналыса алады. Жарыс залында 18 теннис үстелі орнатылады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған үстелдер де қарастырылған», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бүгінде теннис – олимпиадалық спорт түрлерінің қатарында. Тек ШҚО-да 11 мыңға жуық спортшы 458 теннис секциясына қатысады. Жаңа орталық облыс теннисшілеріне өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Мұнда медициналық-қалпына келтіру орталығы да жұмыс істейді. Осылайша, спортшылар заманауи медициналық көмек ала алады.



Соңғы жаңалықтар