Өскеменде дәрігерлерге тиісіп, боқтаған ер адам 72 мың теңге айыппұл төлейді
Өскемен қаласындағы емханада дәрігерлерге тиісіп, боқтаған ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.
Қала тұрғыны «Амбулаториялық орталық» медициналық мекемесіне келіп, шу шығарған.
Емхана қызметкерлеріне тиісіп, балағат сөздер айтқан ер адамды тыныштандыру үшін сол жерге полиция қызметкерлері шақырылған.
Тәртіп сақшылары оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 80-1-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады.
Кейін іс сотқа жеткен.
«Сот шешімімен азамат кінәлі деп танылды. Оған 72 450 теңге көлемінде айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қаулы толықтай заңды күшіне енді», - деп хабарлады Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметінен.