Өскеменде еліміздегі тұңғыш инженерлік мектеп ашылды

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде EKTU Educational Academy желілік инженерлік мектеп ашылды. Ауқымды жобаға ШҚО Білім басқармасы қолдау танытқан.
Бұл – еліміздегі тұңғыш инженерлік мектеп. Онда облыстың 27 мектебінің 9-11 сынып оқушылары білім алады.
«Соңғы жылдары ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер ретінде физика мен математиканы таңдайтын талапкерлердің пайызы айтарлықтай төмендеді. Бұл мәселені шешу үшін университет бірнеше жылдан бері облыс мектептерінде инженерлік сыныптар құру бойынша жұмыс жүргізіп келді. Демалыс кезінде балалар университет базасында физика мен математиканы тереңдетіп оқыды. Бұл тәжірибе сәтті болып, енді, міне инженерлік мектеп ашылып отыр», - дейді университет ректоры Жасұлан Шаймарданов.
Бүгінде EKTU Educational Academy жұмыс жоспарлары келісіліп, мектеп құрамына оқушыларды және мұғалімдерді іріктеу басталды. Инженерлік желілік мектеп аясында оқушылар инженерлік математика, физика пәндері бойынша тереңдетілген даярлықтан өтеді, қолданбалы ғылыми жобаларды іске асырып, олимпиадаларға қатысады.
Еске сала кетсек, осыған дейін Өскеменде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін орталық ашылғандығын хабарлаған едік.