Өскеменде Ертіс өзенінде ағын алып кеткен ер адам құтқарылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Ертіс өзенінде ағын алып кеткен ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі «Восточник-3» саяжай қоғамдастығы аумағындағы Ертіс өзенінде адамды ағын алып кеткенін байқап қалған куәгерлер бірден құтқарушыларға хабар берді. Оқиға орнына ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері қайықпен шықты.
«Ер адам судан қолын шығарып, бұталардан ұстап үлгеріп қалған. Құтқарушылар сол жерге шұғыл түрде жетіп, 36 жастағы азаматты алып шықты. Содан кейін құтқару станциясына жеткізіп, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- Жабдықталмаған орында шомылуға болмайды.
- Суға мас күйінде түсуге тыйым салынған.
. Күшіңізді асыра бағаламаңыз, алысқа жүзбеңіз.