Өскеменде есірткі арнасын ұйымдастырған өзбекстандық ұсталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары аймаққа синтетикалық және психотроптық есірткілерді жеткізу арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.
Белгілі болғандай, есірткіні өткізу мақсатында жастарды жұмысқа тарту үшін Өскемен қаласына 26 жастағы Өзбекстан азаматы келген. Қазіргі уақытта ол қолға түсірілді. Тінту барысында одан салмағы 500 грамнан асатын «Альфа-PVP» психотропты зат тәркіленді.
«Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот санкциясымен ер адам қамауға алынды. Қабылданған шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткінің 1 600-ден астам бір реттік дозасының заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.