Өскеменде газбен жүретін көліктер тексерілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында газбен жүретін көліктер тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде газбен жүретін көліктер тексерілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті, қалалық ТЖБ және Полиция басқармасының қызметкерлері газбен жүретін көліктерге арналған тұрақтарда рейд жүргізді.

«Елімізде жыл сайын өрт оқиғалары артып келеді. 2016 жылы газбен жүретін машиналарды 74 рет жалын шарпыса, бұл көрсеткіш 2017 жылы – 80, 2018 – 114, 2019 – 106-ны құраған», - делінген облыстық ТЖД мәліметінде.


ҚР Өрт қауіпсіздігі ережелерінің 1099-1-тармағына сәйкес, сығымдалған табиғи газбен және сұйытылған мұнай газымен жұмыс істейтін қозғалтқыштары бар автомобильдерді басқа мақсаттағы ғимараттарға кіріктірілген және оларға жапсарлас, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан жабық типтегі автотұрақтарға қоюға жол берілмейді. Тыйым тек сауда және бизнес орталықтарындағы тұрақтарға, сондай-ақ тұрғын үй кешендеріндегі жерасты жабық автотұрақтарға қатысты.

«Рейд қорытындысы бойынша автотұрақ ережелерін бұзған бірқатар газбен жүретін көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте, ШҚО ТЖД өңір тұрғындарына жазатайым оқиғаларды болдырмас үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.