Өскеменде иісшіл ит есірткі сатпақ болған ер адамды ұстауға көмектесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде Ұлттық ұланның кинологтары есірткі сатқан адамды қолға түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдіге сілтеме жасап.
5518 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық взводы кинолог қызметінің маманы Айдос Рахметов «Сұңқар» есімді қызметтік итімен ШҚО есірткі саудасына қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, Н.Захаров есімді ер адамды ұстаған.
Құжаттарды тексеру кезінде ит жалма-жан ұсталған ер адамның қалтасын иіскей бастаған. Тінту барысында Н.Захаровтың қалтасынан 50 гр. мөлшердегі сұр әрі жасыл түсті заты бар бүктелген түйіншек табылады. Бұдан кейін есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Захаровтың үйін тексеріп, дәл осындай 28 түйіншек тапқан. Ұсталған ер адам ол заттың салмағы 200 грамм болатын марихуанна екенін мойындаған. Ол қазір уақытша оқшаулағышқа қамалды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кинолог қызметінің бастығы майор Евгений Жуковтың айтуынша, кинолог қызметі тәртіп сақшыларымен бірге біршама қылмыстың әшкерелеген.
«Осы жылдың үшінші тоқсаны бойынша ғана кинолог қызметінің мамандары полициямен бірге 18 қылмыстың бетін ашты. Арнайы үйретілген иттер қылмыс жасамақ болған 10 адамды ұстады. Оқиға орнына із суытпақ болған екі адамды иттер қуып жетіп, солардың арқасында заң бұзушылар қолға түсті. 1 келіге жуық есіркті заттары мен 30 литр спиртқұрамдас сұйықтық анықталды. Ұрланған мүліктер бойынша екі қылмыс ашылды», - дейді Евгений Жуков.