19:29, 18 Қараша 2022 | GMT +5
Өскеменде КамАЗ-бен жеңіл көлік соқтығысып, 1 адам мерт болды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында КамАЗ-бен соқтығысқан жеңіл көлік жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 18 қараша күні таңертең Жібек жолы көшесінде болған.
«Аталған көшенің «Ертіс Сити» тұрғын үй кешеніне бұрылатын тұсында Lada маркалы автокөлік пен КамАЗ соқтығысқан. Соның салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында мерт болды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлік тізгіндеген адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғуы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.