Өскеменде кәсіпорындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM - Өскемен қаласында «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, апат салдарынан екі адамның қаза болуына байланысты ҚР ҚК-нің еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.
- Қазір оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған шұғыл тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпаратты ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге тыйым салынған, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бүгін таңертең Өскемендегі кәсіпорында жарылыс болды.
Соның салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шекті.
Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі жарылысты жеке бақылауына алды.
Кәсіпорнда ауа сапасына тексеру жүргізіліп, қорытындысы жария етілді.