Жарылыс болған «Қазцинк» кәсіпорнында ауа сапасына жүргізілген тексеру қорытындысы шықты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының экологтері жарылыс болған «Қазцинк» кәсіпорнында ауа сапасына жүргізілген тексеру қорытындысын жария етті.
«Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыстан соң әлеуметтік желіде халыққа көшеде жүруге болмайтыны, ауаның ластанғаны туралы түрлі ақпарат тарап кетті.
ШҚО Экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, мамандар оқиға орнына шұғыл барып, тиісті жұмыстарды қолға алған.
— Қажетті талдаулар мен өлшеулер жүргізіліп, соның нәтижесінде рұқсат етілген нормалардың аздаған асып кетуі тіркелгенімен, қауіпті ластаушы заттардың бөлінуі анықталған жоқ. Халық үшін ешқандай қауіп пен тәуекел жоқ, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО Білім басқармасы Өскеменде мектеп оқушылары үшін сабақтар штаттық режимде өткізілетіндігін мәлім еткен болатын.
Сондай-ақ «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа байланысты жедел желі іске қосылған.