Өскеменде қайығы аударылып қалған екі адам құтқарылды

None
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қайығы аударылып қалған екі адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Звезда» кемесінің капитаны Александр Бахарев пен рульдік-моторист Андрей Денисенко жолаушылармен бірге Ертіс өзенінің бойындағы «Самал саябағы-Өзен вокзалы» тұрақты бағыты бойынша келе жатқан.


Кенет суда қайығы аударылып қалған әйел мен ер адамды байқай салысымен, бірден көмекке ұмтылды.

«Олар кемеден құтқару шеңберін лақтырып, адамдарды суық судан шығарып алды. Белгілі болғандай, екеуі суда қайықпен жүзіп жүрген. Бір уақытта еркек қайыққа ие бола алмай қалған соң қайық аударылып түсті. Абырой болғанда, екеуі де құтқару кеудешелерін киген екен», - делінген ақпаратта.


Осы ретте, ТЖД қызметкерлері халыққа судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қайыққа отырған кезде құтқару кеудешесін киюді ұмытпаңыз. Жүзу құралын шамадан тыс жүктемеңіз. Қолайсыз ауа райында, қатты желде қайықпен суға шықпаңыз.


Соңғы жаңалықтар