Өскеменде қайырымдылық жәшігінен ақша ұрлаған екі адам ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қайырымдылық жәшігінен ақша ұрлаған екі адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 ақпанда «102» жедел арнасына 57 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Оның айтуынша, белгісіз біреулер сауда-ойын сауық орталығының күзетшісіне өздерінің қайырымдылық қоғамында жұмыс істейтіндіктерін алға тартып, қайырымдылық жәшігіндегі барлық ақшаны алып кеткен. Шығын 20 000 теңгені құрады.
«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері 22 және 23 жастағы екі жігітті қолға түсірді. Олардың бірі осыған дейін сотты болған. Күдіктілер өз кінәларын толықтай мойындап отыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.