Өскеменде қоғамдық көліктегі жолақыны 90 теңгеге көтеру ұсынылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Шығыс Қазақстан облыс орталығының Қоғамдық кеңесінде кезектен тыс отырыс өткізілді, онда қаладағы жолаушы тасымалдаушылар тағы да бір мәрте қоғамдық көліктегі жолақыны көтеруді ұсынды.
Олар жолақыны 75 теңгеден 90 теңгеге жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Жолаушы тасымалдаушылар жергілікті биліктен тарифті көтеруді былтырдан бері сұрап келеді. Маусым айында олар қалалық ТКШ бөліміне жолақы тарифін есептеу әдістемесін ұсынды. Арнайы комиссия құрылды.
- Алғашқы жолы біздің орташа қалалық тариф 157 теңге болды, алайда жылжымалы құрамды қайта бағалағанда бұл сома 176,5 теңгеге жетті, - дейді «ШҚО автотасымалдаушылар одағы» қауымдастығының төрағасы Николай Масич. - Біз қыркүйекте тарифті белгіленген жеңілдіктерді сақтай отырып 100 теңге көлемінде қалдыруды ұсындық.
Қазіргі уақытта жолақы белгіленген жеңілдіктерді сақтай отырып Астанадағыдай 90 теңге көлемінде ұсынылды.
- Қазіргі уақытта қосалқы бөлшектер, автобустар мен оған жаратылатын материалдар екі есеге қымбаттады, - дейді Николай Масич. - Сонымен қатар кадр жетіспеушілігі байқалуда, 40-тан астам жүргізуші мен кондуктор зейнеткерлік жасына жетіп қалды.
Егер тариф қымбаттаса тасымалдаушылар жеңілдіктерді қалпында қалдырмақ. Сонымен қатар бастапқы бірнеше айда айлық жолақы билеті өзгермейді - 7000 теңге көлемінде болады. Зейнеткерлер 60 теңге төлейді. Студенттер 50 пайыз жеңілдікпен жүреді (45 теңге) деп көзделуде. Өйткені қалалық әкімдік жастар ұйымдарының сұрауы бойынша олардың тарифін субсидиялауға әзір. Осы мақсатта бюджеттен 48 млн теңге бөлінген.
Алайда 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер билетті 90 теңгеден сатып алуға мәжбүр, өйткені осы жас санатындағы жолаушыларға жеңілдік қарастырылмаған.