Өскеменде қоғамдық орында маска тақпай жүргендерге айыппұл салынып жатыр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеулерін сақтамайтындар әлі де анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде арнайы құрылған мониторингтік топтар карантин талаптарының сақталуын қадағалау үшін қоғамдық көліктерде, дүкендерде, дәріханалар мен басқа да мекемелерде күн сайын рейд жүргізуде.
«24 мамыр күні Өскемен қаласында 161 объекті тексерілді. Облыстың Бас санитарлық дәрігері белгілеген шектеу шараларын бұзудың 5 фактісі тіркелді. Нақты айтқанда, сауда орындарында, қоғамдық тамақтану объектілеріне маска режимін сақтамағандар анықталды. Сондай-ақ бұрын тіркелген бұзушылықтар бойынша 43 755 теңге мөлшерінде айыппұл салынды» делінген ШҚО ақпарат орталығы таратқан мәліметте.
Риддерде өткен тәулікте 73 объекті тексерілген. Рейд барысында бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Бірақ осыған дейінгі тексеру барысында жұмыс орнында маскасыз отырған азаматқа 43755 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бесқарағай ауданында мониторингтік топтар 20 объектіге тексеру жүргізді.
Нәтижесінде шектеу шараларын бұзудың 1 фактісі анықталған.