Өскеменде көлік пен мотоцикл соғылып, 3 адам зардап шекті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында көлік пен мотоцикл соғылып, 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 21 тамызда қаладағы Қазақстан көшесінде болған.
«ZHEJIANG» маркалы мотоциклдің 30 жастағы жүргізушісі Мызы көшесінен Қазақстан көшесіне қарай келе жатты. Кенет ол маневр қауіпсіздігіне көз жеткізбестен алдында келе жатқан «TOYOTA HARRIER» көлігін басып озбақ болды. Соның салдарынан көлікпен соқтығысып қалды.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апаты салдарынан үш адам зардап шекті. Мотоциклші ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Полицейлер мотоцикл жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.