Өскеменде коммуналдық мекемеден 9 ай бойы ақшасын ала алмай жүрген кәсіпкердің құқығы қорғалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында «Таза Өскемен» коммуналдық мекемеден 9 ай бойы ақшасын ала алмай жүрген кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде коммуналдық мекемеден 9 ай бойы ақшасын ала алмай жүрген кәсіпкердің құқығы қорғалды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі коммуналдық мекеменің кәсіпкерге тауарларды жеткізгені үшін беруі тиіс төлемді негізсіз кешіктіргені анықталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген кәсіпкер «Таза Өскемен» коммуналдық мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты шағым айтты. Ол аталған коммуналдық мекеменің жеткізіп берген тауарлары үшін төлемді 2022 жылдың тамыз айынан бері негізсіз себептермен төлемей жүргендігін мәлім етті. Тауарды жеткізуші кәсіпкер шарт бойынша барлық міндеттемелерді толық орындаған, бұл екі тарап қол қойған тауарды қабылдау-беру актісімен расталып отыр», - делінген ақпаратта.

Осы уақытқа дейін кәсіпкер бұл мәселені реттеу үшін қажетті шараларды қабылдағанымен, шарттық міндеттемелер бойынша төлем жүргізілмеген. Соған орай ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін тараптармен кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде, «Таза Өскемен» коммуналдық мекемесі кәсіпкер алдындағы қарызды толық төледі.