Өскеменде көпқабатты үйде газ жарылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде газ жарылып, 1 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға 30 мамыр күні Өскемендегі Славский жағалауы көшесінде болған. Бесқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде газ-ауа қоспасы жарылды. Соның салдарынан 1989 жылғы ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
«Жарылыстан 1-ші қабаттан 5-ші қабатқа дейінгі әйнектер сынып, бірінші қабаттағы сыртқы есік зақымдалды. Сол жерге шұғыл келіп жеткен ТЖД қызметкерлері үй тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірді. № 4 подъезден 2 адам, № 3 подъезден 11 адам эвакуацияланды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, оқиға орнында барлығы департаменттің 25 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылған.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да 116 жағажайда шомылуға тыйым салынғанын хабарлаған едік.