Өскеменде көпқабатты үйде өрт шығып, 20 адам эвакуацияланды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында көпқабатты үйде өрт шығып, 20 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Сәтбаев даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл жетті.
«Пәтердегі жиһаз, жеке заттар және есік жанған. Үй иесінің ұлы өз бетімен сыртқа шығып үлгерді. Құтқарушылар подъезден бірінші кезекте 20 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялады. Көп ұзамай жалпы ауданы 10 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды», - делінген ақпаратта.
Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін. Қызыл жалынды сөндіруге жеке құрамнан 21 адам және 7 техника жұмылдырылды.

