Өскеменде ҚР Президентінің жүлдесі үшін V халық спорты ойындары өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10-14 қыркүйек аралығында Өскеменде ҚР Президенті жүлдесіне V халық спорты ойындары өтіп жатыр. Жарыста Қазақстанның барлық аймақтарынан келген спортшылар 9 спорт түрінен 51 жүлде жиынтығын сарапқа салуда.

Өскеменде ҚР Президентінің жүлдесі үшін V халық спорты ойындары өтіп жатыр

Халық ойындарының алғашқы күндерінде Астана құрамасы өз қоржынын айтарлықтай толтырып жатыр. Үш спорт түрінен сайыстар аяқталды. Армрестлингте елорда құрамасы үш күміс жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. 70 кг салмақ дәрежесінде Заир Ахмедов, 100 кг дейінгі салмақта Георгий Дзеранов және 100 кг артық салмақта Игорь Кузьмин екінші орынға тұрақтады. Алдағы уақытта спортшылар Литвада өтетін әлем чемпионатына қатысады. Қазақ күресінен де палуандарымыз құр қол келген жоқ. Екі қызымыз Әлия Жылқыбаева (+75 кг) мен Алена Литвиненко (+75 кг) күміс жүлде алды, ерлер арасында Талғат Шегенов (60 кг) пен абсолютті салмақ дәрежесінде Ғани Сейділдаев қоланы қанағат тұтты. Бұл спорт түрінен елордалықтар командалық есепте жетінші орынға орналасты. Алайда асық атудан спортшыларымыз бәсекелестеріне есе жіберді. Кір тасын көтеруден Астана құрамасы үш жүлде мен жалпыкомандалық төртінші орынды иеленді. 85 кг салмақта ерекше көзге түскен Ринат Гильмутдинов алтын медальмен марапатталса, Әділбек Әшімов пен Жомарт Тлеушев сәйкесінше 68 және 73 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Жақында үстел теннисінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ пен президенттік көпсайыстан да жарыстар өтеді. Халық ойындары 14 қыркүйекте салтанатты түрде жабылады, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.