Өскеменде күн сайын күйеуінен жәбір көрген 10-ға жуық әйел полициядан көмек сұрайды

әйел құқы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында күн сайын күйеуінен жәбір көрген 10-ға жуық әйел полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.

Бүгін Халықаралық отбасы күніне орай қаладағы О.Бөкей атындағы кітапханада жиын өтті. Онда Өскемен қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция майоры Нұргүл Саяжанова әйел адамдарға құқықтарын түсіндірсе, психолог Назигүл Абылқасқызы психологиялық тұрғыда кеңес берді.

«Күн сайын Өскеменде күйеуінен жәбір көрген 10-ға жуық әйел полициядан көмек сұрайды. Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 1560 арыз тіркелген. 1424 адамға қорғау нұсқамасы беріліп, сот үкімімен 169 азаматқа ерекше талаптар қойылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйел бірден полицияға хабарласуы қажет. Бұрын заң бойынша әйеліне, баласына жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген ер адам 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлесе немесе 15 күнге қамауға алынса, енді енгізілген өзгерістерге сәйкес, 200 АЕК айыппұл төлеп, 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылып немесе 50 күнге қамалады. Ал қатігездікпен ұрып-соқса 2 жылға бас бостандығынан айырылады», - дейді Нұргүл Саяжанова.

Қазір тәртіп сақшыларына отбасының шырқын бұзғандарға қатысты іс қозғау үшін әйелінен арыз алу шарт емес. Осындай заңсыз әрекетке көбінесе тұрмысы нашар, жұмысы жоқ, бұрын сотталған ер адамдар барып жатады.

«Отбасындағы бақыттың құпиясы – ерлі-зайыптылардың бір-бірімен сөйлесе білуінде, түсіністігінде. Өзіңіздің және қасыңыздағы азаматтың тұлға екенін ұмытпай, оны сыйлаңыз. Бұзық, төбелескіш балалар қайдан шығады? Үйде сыйластық көрмеген, жұмысбасты ата-анасы оған көңіл бөлмеген балалар сондайға барады. Мектептегі буллинг осыдан туындайды. Кейбір отбасында қызға мүлде сөз бермейді, ұрсады, дұрыс киім алып бермейді. Әкесі арақ ішсе тіпті тамақ та жемей, аш жүреді. Сондайды көрген қыз тұрмысқа шыққан соң күйеуінің зәбіріне көндігіп кетеді. Бұл мүлде дұрыс емес. Сондықтан ұл-қыздарыңыздың тәрбиесіне көңіл бөліңіздер», - дейді Назигүл Абылқасқызы.

Соңғы жаңалықтар