Өскеменде мас күйде «Газельді» айдап кеткен ер адам 2 көлікпен соқтығысты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында мас күйде бөтеннің «Газельін» айдап кетіп полицейлерден қашқан ер адам жол апатына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 7 қыркүйек күні Абай даңғылы мен Михаэлис көшесінің қиылысында болған. Алкогольді ішімдік ішкен 44 жастағы қала тұрғыны бөтеннің көлігін айдап кетті.
«Газель» көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтатқанына қарамай, қаша жөнелді. Соның салдарынан ол Mercedes Benz және Iveco көліктерімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккен ешкім жоқ», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 200-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.