Өскеменде мас күйінде көлік жүргізген тұрғын қамауға алынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жүргізуші куәлігінен айырылса да көшеде мас күйде көлік тізгіндеген бойжеткен ұсталды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары қала көшелерінің бірінде «Honda» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік тізгінінде отырған 25 жастағы қала тұрғынының ішімдік ішкені анықталды.
«Құжаттарды тексеру кезінде ол өткен жылы сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері көлікті арнайы автотұраққа қойды», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің «мас күйде көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы» бабымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер облыс жолдарында 600-ден астам мас жүргізушіні анықтаған.