Өскеменде мас күйінде тұрақтағы үш көлікті соққан әйел 20 күнге қамалады
Өскемен қаласында мас күйде рульге отырып тұрақтағы 3 көлікті соққан әйелге қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Kazinform.
ШҚО әкімшілік мамандандырылған соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскемен қаласының тұрғыны көлікті мас күйінде тізгіндеген.
Жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып жіберген ол тұрақта тоқтап тұрған 3 бірдей көлікті соқты.
Содан кейін көлік жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған.
Сот барысында әйел адам өз кінәсін ішінара мойындады.
Өз сөзінде ол жол-көлік оқиғасына дейін емес, кейін ішімдік ішкенін жеткізді.
«Сот шешімімен қала тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде мас күйде рульге отырған әйел тұрақтағы бірнеше көлікті соққаны хабарланған.