Өскеменде мектеп салу үшін 8 үй сүрілетін болды

Өскемен қаласында мектеп салу үшін 8 жер үй сүрілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде мектеп салу үшін 8 үй сүрілетін болды

Қала іргесінде орналасқан Бабкина Мельница шағын ауданындағы Тимофеев көшесінде 300 орындық мектеп салынбақ. Алайда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бой көтеруі тиіс білім ордасына тиесілі учаскеде 8 жер үй тұр. Әкімдік сол үй иелерімен келіссөз жүргізді.

Мектеп құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Жобаға қол қойылып, мердігер анықталды. Ол қазір болашақ құрылыс алаңын қоршауға кірісіп кеткен.

«Мектеп салынатын аумақ ішінде 12 жер телімі болса, оның ішіндегі 8 тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланған. Талап бойынша айналада 50 метрдей қашықтықта бірде-бір тұрғын үй болмауы керек. Үй иелері ақшалай өтемақыға келісті. Ал жер телімдерінің иелеріне №25 тұрғын үй алқабынан теңдей жер телімі беріледі», - дейді Өскемен қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Еркін Тұраров.

Оның айтуынша, жаңа білім ордасы электрмен емес, газбен жылытылады.