Өскеменде мектептердегі ақша жинау мәселесін талқылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, мектеп директорлары, ШҚО Білім басқармасының басшысы, қоғамдық қызмет өкілдері Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің кеңесінде мектептерде ақша жинау бойынша ата-аналардың түсірген шағымдарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде мектептердегі ақша жинау мәселесін талқылады

«Өскемен әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаның айтуынша, жемқорлық деректерін азайту үшін мектептерде қамқоршылық кеңестері құрылған.

Аталмыш ұйымдар әлеуметтік және экономикалық міндеттерді атқаруды көздейді. Түсіп тұратын қаржыны кеңес мүшелері талқылап, үнемі есеп жасалып отырады», - деді О. Булавкина.

Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Сергей Потанин бұл мәселеге қатысты өзгеше пікірді ұстанатынын айтты.

«Қамқоршылық кеңес - формалды түрде ашылған ұйым. Оның жұмысы  ашық көрсетілмейді. Баламасы ретінде демеушілік шот ашып қоюға болады. Оның әрекетін бухгалтерия, қаржы мекемесі тікелей қарап отырады. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алуларды бақылай алады. Барлығы айқын. Бұл нормаға айналуы тиіс», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның шенеунігі.

Айта кету керек, бүгінде Өскемендегі 6 мектепте арнайы шот ашылған. Алайда жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік жасалды ма, жоқ па - ол жайында айтуға әлі ерте.

Кеңес кезінде Сергей Потанин оқулықтарға, кеңсе құрал-жабдықтарына, жөндеу жұмыстарына ақша жинау заңсыз екенін және қолма-қол ақша беру жемқорлық қаупін төндіретінін айтып өтті.

Отырыстың соңында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты облыстық департаменттің басшысы Жанна Қабдолдақызы ШҚО Білім басқармасына барлық мектептерден заңды түрде шоттар ашып, ата-аналардан қолма-қол ақша алуға тыйым салуға ұсыныс білдірді.