Өскеменде Наурыз мейрамына орай 200-ден астам шара өткізіледі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында Наурыз мейрамына орай 200-ден астам шара өткізілмек.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 14 наурызда «Ұлттық киім күні» челленджі басталып, 23 наурызға дейін жалғасады. Сондай-ақ осы күні сағат 19:00-де «Premier» караоке клубында «OSKEMEN STARS» караоке байқауы өтеді.
16 наурыз сағат 10:00-де Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен қалалық турнир басталмақ. 17 наурызда сағат 13:00-де Комендантка ауданында «Nauryz FEST» жастар фестивалі өткізілмек.
«21 наурыз күні сағат 19:00-де Неке сарайында «Наурыз викторинасы» зияткерлік сайысы ұйымдастырылады. 22 наурызда Республика алаңында сағат 10:00-14:00 аралығында қала өнерпаздарының қатысуымен концерт, «Бауырсақ пати» сайысы өтеді. «Үздік киіз үй» байқауының жеңімпаздары марапатталады. Ал кешкі сағат 19:00-22:00 аралығында эстрада жұлдыздары келіп, концерт қояды», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 22 наурыз күні қала бойынша трамвай тегін қатынайды.