Өскеменде оқушы полицияға террористер жайлы жалған хабар берген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 8 жасар бала полицияға террористер жайлы жалған хабар берген.

Терроризм
Фото: Polisia.kz

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына қоңырау шалған оқушы «Біз жаққа террористер жүр, тез келіңіздер!» деп қаладағы мекенжайлардың бірін айтқан.

«Сол жерге арнайы қызметтер шұғыл келіп жетті. Алайда бұл жалған хабар болып шықты. Көп ұзамай хабарласқан 8 жасар оқушы екендігі анықталды. Өз сөзінде ол көрші үйде тұратын баланың террористер жайлы айтып, полицияға хабар беруді өтінгенін жеткізді», - делінген ақпаратта.

Бұл 14 жастағы жасөспірім болып шыққан. Екі оқушының ата-анасы да бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар