Өскеменде Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық жарыс өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған халықаралық турнир 12 ақпан күні басталады
Жабық кешенде өтетін халықаралық бәсеке Өскеменде жеңіл атлетика манежінде ұйымдастырылады. Аталған дода Қазақстан құрамасы үшін жаңа маусымдағы алғашқы жарыс болып есептеледі.
Айта кетейік, Ольга Рыпакова 1984 жылы 30 қарашада Өскемен қаласында дүние есігін ашқан. 2001 жылы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын бітірген.
Ол үш қарғып секіруден 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атанды. Ал 2016 жылы Риода қола жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып төртінші орын алған болатын. Кейін, осы Олимпиадада қола жүлдегер атанған грек спортшысы Хрисопия Деветцидің допинг қолданғаны анықталып, қазақстандық спортшы ресми түрде тағы да Бейжің олимпиадасының жүлдегері атанды.
Осылайша Ольга Рыпакова қатарынан үш Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақсандық атлет атанды.