Өскеменде өндірістік цех өртенді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің Ташкент көшесіндегі өндіріс ғимараты өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түнгі сағат 22.00-де тұтанған жалынмен өрт сөндірушілер 1,5 сағат бойы арпалысқан.
«№4 жасақтың мамандары келген кезде ағаш тіліктері мен өндіріс құрылғылары жанып жатты. Өрт сөндірушілер қою түтіннің ішінен «Газель» маркалы көлікті байқап, дер кезінде сыртқа шығарған. Ғимарат ішінде ауа сығымдалған төрт баллон болыпты. Өртпен күресушілер қырағылық танытпаса, өрттің соңы алапат жарылысқа айналуы мүмкін еді» - делінген Өскемен қаласының төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қызыл жалын 170 шаршы метр аумақты күлге айналдырды. Өрт абайламаудан, электрлі құрылғыларының ақауы, құрал-жабдықты ережеге сай қолданбаудан шығуы ықтимал деген үш болжам айтылуда. Бұл ғимаратта нақты қандай өндіріс болғаны да әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
«Ғимараттың ішінде өндірістік цех болған. Алайда мұнда не өндірілгенін дөп басып айту ерте. Құжаттары түсініксіз. Өрт қалдықтарына қарап, тақтай тілетін шеберхана болған деуге келеді. Оның қанық-қанығын мамандардың тексеруі айтады» - дейді қалалық ТЖБ баспасөз қызметінің өкілі Марина Лискова.