Өскеменде өрт шыққан көпқабатты үйден 18 адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 18 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде өрт шыққан көпқабатты үйден 18 адам эвакуацияланды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтарда сағат 20.30 шамасында Шәкәрім даңғылындағы 4-қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шықты.

«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келген кезде подъез ішін көк түтін басқан. Олар қауіпсіздік мақсатында 18 тұрғынды, оның ішінде 6 баланы дереу эвакуациялады. Денесін күйік шалған 63 жастағы үй иесі мен оның уланған 37 жастағы қызы ауруханаға жатқызылды. Көп ұзамай ТЖД қызметкерлері жалпы ауданы 8 шаршы метрді құраған тілсіз жауды толықтай ауыздықтады», - делінген ақпаратта.

Қызыл жалынды өшіруге жеке құрамнан 18 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – темекі шегу кезіндегі абайсыздықтан болуы мүмкін.