Өскеменде пәтер тонаумен айналысып келген топ ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қылмыстық топтың алғашқы қылмысы 2016 жылдың қыркүйегінде тіркеліпті. 28 жастағы азаматшаның айтуынша оның пәтерінен 2,6 млн теңгенің бағалы заттары жоғалған.
Олар нысанаға алған үйге кілтін дәлдеп жасау арқылы еніп, материалдық құны бар заттың барлығын жымқырып отырған. Әсіресе алтын бұйымдар мен тұрмыстық техникаға, тондар мен бағалы әшекейлерге баса назар бөлген. Тонауға аз түскен үйлердің өзінен кем дегенде 300 мың теңгенің заты жоғалыпты. Ұйымдасқан топ бір үйден 5 млн теңгенің затын ұрлаған кезі де болыпты.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бес адамдық топ бір жарым жылдың ішінде 15 пәтерді үптегені анықталып отыр. Олардың әрекетінен үй иелері 17 млн теңгеге шығынын шеккен.
Ұрылардың ізіне түсуге құрбандарын аңду кезіндегі әрекеттері себепкер болса керек.
«Пәтерге түспес бұрын ұрылар үй иесін сыртынан 1-2 күн аңдитын болған. Қырағы көршілер олардың күдікті әрекеттерінен секем алып, сақшыларға ақпарат берген», делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Күдікті бесеу 21-46 жас аралығындағы азаматтар. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша іс қозғалды.