Өскеменде пневмония күдігімен күн сайын ауруханаға 20-ға жуық адам жүгінеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауруханаларға пневмония күдігімен күн сайын 15-20 адам жүгінеді.
Өңір бойынша осы жылдың тоғыз айында ЖРВИ жұқтырғандар саны 200 863 адам болған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,74 есе артып отыр. Сондай-ақ Өскеменде пневмонияға шалдыққандар саны да артып келеді.
Ауруханаға күн сайын 15-20 адам пневмонияға күдікпен жүгінеді. Эпидемиялық маусымда өлім-жітім тіркелген жоқ.
«Вирустық және ковидтік пневмония тіркеліп жатыр. Пульмонология бөлімінде 50 төсек-орын бар. Науқастарға орын мен қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Қазір жансақтау бөлімінде екі науқас жатыр, біреуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді Өскемендегі №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Сергей Попов.
Еске салсақ, осыған дейін өскемендіктердің №1 емхананың жағдайына шағымданғанын хабарлаған едік.