Өскеменде полиция қатарында қызмет ететін егіздер: Біріміз ауырсақ екіншісі де сырқаттанады

полиция
Фото: кеіпкерлердің жеке архивінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Он бес жылдан астам уақыт бойы тәртіп күзетінде жүрген егіздер Өскемен қаласында тұрады. Нұрлан, Ерлан Құрманғалиевтер қалалық полиция басқармасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты. Екеуі де үйленген. Нұрлан да, Ерлан да екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бұл да өмірдің өзгеше бір құбылысы.

Егіздер Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Ақмарал ауылында дүниеге келген. Екеуі де бала күннен тәртіп сақшысы болуды қалаған. Нұрлан спорттың бірнеше түрімен айналысып, оның ішінде волейбол мен тенниске бейімдігі байқалса, Ерлан да спорттан қара жаяу болмай, шыныққан шымыр жігіт болып өсті.

«Аққайнар орта мектебінде 9-шы сыныпқа дейін оқып, одан кейін 2002-2005 жылдары Үлкен Нарын ауданындағы ауыл шаруашылығы техникалық училищесінде білім алдық. 2007 жылға дейін Шығыс Қазақстан заң колледжінде оқып, сосын бір жыл Отан алдындағы борышымызды өтедік. Келген бойда Өскемен қалалық полиция басқармасында патрульді-бекеттік қызмет қатарын толықтырдық», – дейді Нұрлан Құрманғалиев.

Егіздерді ата-аналары әркез қолдайды. Мақсаттарын түсініп, осы мамандыққа кішкентайларынан баулыған. Бір қызығы, екеуі егіз болса да бір-біріне онша ұқсай қоймайды. Сонда да кей адамдар оларды шатастырып жатады екен.

«Бала күнімізден таңмен таласа тұрып, жүгіріп, жаттығу жасайтынбыз. Әскерден оралған бойда қауырт жұмысқа кірістік те кеттік. Өзге мамандықтардағыдай біздің қызмет те асқан жауапкершілікті қажет етеді. Халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтап, қылмыспен күресу мінез бен жинақылықты қажет етеді», – дейді егіздер.

Ерлан мен Нұрлан Құрманғалиев өмірге келгенде араларын небәрі бес минут бөлген. Үлкені – Нұрлан. Ол тез ашуланып, тез қайтады екен. Ал егізі – салмақты, тұйықтау. Басқа түскен әр мәселені екеуара ақылдаса отырып шешеді.

«Бір-бірімізді көп көрмесек көңіл-күйіміз болмайды. Анамның айтуынша, біріміз ауырсақ, екіншісі де сырқаттанып қалатын. Екеуіміздің бір салада жұмыс істейтініміздің кемшілігі – жұбымыз жазылмайтындықтан ата-анамызға барып, қолғабыс ете алмай қаламыз», – дейді Ерлан Құрманғалиев.

Шығыс Қазақстан облысындағы барлық егіздер арасында тәртіп сақшысы болып жүрген тек осы Құрманғалиевтер. Екеуінде ұқсастық көп десек те, талғамдары әр түрлі.

«Сыңарым спорттық киімдер кигенді ұнатады, ал мен көбінесе костюм-шалбар киемін. Маған кино көрген ұнайды, егізім ол жағына жоқ. Бірақ екеуіміз де тамақ талғамаймыз», – дейді Ерлан.

Құрманғалиевтер бүгінде Өскемен қалалық полиция басқармасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты. Үйленген егіздердің екеуі де екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бұл да өмірдің өзгеше бір құбылысы.

Соңғы жаңалықтар