Өскеменде порнография түсірген қылмыстық топтың 14 мүшесі сотталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде порнография түсіргені және таратқаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың 14 мүшесіне сот үкімі шықты.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында порнографиялық материалдарды дайындау және тарату фактісі бойынша қылмыстық істі қарау аяқталды. Бұл туралы ШҚО прокуратурасынан мәлім етті.
— Тергеу барысында 2018 жылдан 2024 жылға дейін ұйымдасқан қылмыстық топтың 14 мүшесі елдің бірнеше аумағында заңсыз әрекет ете отырып, тұрақты табыс тапқандары анықталды. Мемлекеттік айыптау сотқа сотталушылардың айыпталған қылмыстарға қатысы бар екендігі туралы бұлтартпас дәлелдер ұсынды, — делінген ақпаратта.
Сот шешімімен бір адамға 5 жыл бас бостандығынан айыру, он бір адамға 3 жылдан, тағы екі адамға тиісінше 2 жыл 6 ай және 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кәмелетке толмаған балалары бар үш айыпталушыға Қылмыстық Кодекстің 74-бабы негізінде жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды. Қалған сотталушылар өз жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда фильмдер прокатқа шығар алдында порнография мен тыйым салынған контентке тексерілетіндігі хабарланған.