Өскеменде прокуратураның араласуынан кейін ғана 2800-ден астам балаға скрининг жасалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы үш емхананың 2800-ден астам балаға скрининг жасамағаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өскемен қаласы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, емханалардың оқушыларды міндетті медициналық тексеруден өткізуі барысында заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді. Соның нәтижесінде, бірқатар бұзушылық анықталған.
«Заң бойынша медициналық мекемелер балаларды аудиологиялық тексеруден өткізуге міндетті. Бұл скринингтің уақытылы жүргізілуі балалардың есту мүшелерінің ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Алайда қаладағы үш медициналық ұйымның 2823 баланы осындай скринингтен өткізбегені белгілі болды», - делінген ақпаратта.
Прокуратура қызметкерлері бірден тиісті шараларды қабылдаған соң олқылықтың орны толықтырылды. Қазіргі уақытта балалар түгелдей скринингтік тексеруден өтті.