Өскеменде сауда үйінің маңынан әйелдің мәйіті табылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында сауда үйінің маңынан әйел адамның мәйіті табылды.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына Жаңа Согра шағынауданындағы Шаяхметов көшесінде орналасқан сауда үйінің маңында белгісіз әйелдің жансыз күйде жатқаны туралы хабар түскен.
— Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы жіберілді. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, — делінген хабарламада.
Әйелдің нақты көз жұму себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Еске салсақ, осыған дейін Талдықорғанда 56 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны хабарланған.