Өскеменде саяжайға «бомба қойған» ер адам айыппұл төлейді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында саяжайға бомба қойылғаны туралы жалған хабар берген ер адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1 тамыз күні белгісіз ер адам «112» жедел арнасына қоңырау шалып, Өскемендегі «Энергетик-2» бау-бақша қауымдастығындағы саяжайлардың біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған.
«Хабар түсе салысымен оқиға орнына мамандандырылған қызметтер жіберілді. Алайда тексеру барысында бомба жайлы ақпарат жалған болып шықты. Көп ұзамай тәртіп сақшылары қоңырау шалған адамды анықтады. Ол – қаланың 50 жастағы тұрғыны», - делінген ақпаратта.
Сараптама қорытындысына сәйкес ер адамның «орташа» дәрежеде мас болғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігімен (Мемлекеттік өртке қарсы қызмет, полиция, жедел медициналық көмек, авариялық қызметтер органдарын көрінеу жалған шақыру) әкімшілік хаттама толтырылды. Енді өскемендік 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.