Өскеменде шетел азаматы 59 рет жол ережесін бұзған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 59 рет жол ережесін бұзған шетелдік жүргізуші тоқтатылды.

Ужесточить наказания за нарушение ПДД предлагают в Кыргызстане
Фото: magnific.com

Тәртіп сақшылары «Нелегал-2026» жедел алдын алу шарасы барысында көршілес мемлекеттің 46 жастағы азаматы басқарған Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатқан.

- Тексеру барысында ер адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар екені анықталды. Сонымен қатар оның басқаруындағы көлік құралына қатысты 59 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдың төленбегені белгілі болды, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.

Берешектің жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асады. Құқық бұзушылықтар биылғы жылдың 25 мамыры мен 1 қазаны аралығында жасалған.

Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда көлікке қосымша жанармай багын орнатқан 537 көлік анықталғаны хабарланған.