Өскеменде студент түрмеге смартфондар өткізбек болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында сотталғандарға байланыс құралын жеткізудің кезекті фактісі анықталды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлім еттті. 

Өскеменде студент түрмеге смартфондар өткізбек болды
Фото: Pixabay.com

— Бұл жолы жергілікті университеттің студенті 6 смартфонды түзету мекемесінің қоршауынан ішке қарай лақтыруға тырысқаны үшін ұсталды. Іргелес аумақты патрульдеу кезінде № 17 мекеме қызметкерлері 6699 әскери бөлімінің кинологы Темірбек Губайдуллинмен бірлесіп, «Тор» атты қызметтік иттің көмегімен колония учаскелерінің бірінде заңсыз әрекет еткен азаматты ұстайды, - делінген хабарламада.

Қолға түскен құқық бұзушыны тексеру кезінде «Samsung», «Huawei» және «Oppo» маркалы 6 дана смартфон табылған.

Өскеменде студент түрмеге смартфондар өткізбек болды
Фото: Ұлттық ұлан

Күдіктінің жеке басын анықтау барысында оның 2005 жылы туғаны және Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті екені белгілі болды. Студенттің айтуынша, мұндай көмекті бейтаныс адам ақшалай сыйақы төлеп өтінген екен.

Күдікті мен тәркіленген телефондар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлеріне табысталды.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан қызметкерлері түзеу мекемелеріне 140 ұялы телефонды өткізу әрекеттерін тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар