Өскеменде су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шаһар әкімдігімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар учаскелерді тексеруде. Мұндағы мақсат – тасқынға қарсы жоспарланған іс-шаралардың тиімділігін бағалау және осыған дейін орындалған жұмыстардың жай-күйін тексеру.

Өскеменде 954 тұрғын үйді су басуы мүмкін. Мониторинг нәтижелерінен кейін қарды уақтылы шығарып, су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстарына баса мән беріледі.

«Көктем кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Үлбі өзенінің арнасын бұру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта 650 млн 687 мың теңге бөлінді. 2020 жылдың күзінде аталған учаскедегі жоспарланған жұмыстар толықтай орындалды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осылайша, Ескі Согра кентіндегі Үлбі өзенінің бойында орналасқан 270 тұрғын үй мен №18 орта мектепті су басу қаупі біршама азайған.

Айта кетейік, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінде тасқынның алдын алуға қатысты жедел штаб құрылды. Биыл шаһардағы жердің тоңы 69 см.