Өскеменде сұлулық салонында блефаропластика жасатқан әйел көз жұмды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында сұлулық салонында қабағын әдемілегісі келген әйел көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде сұлулық салонында блефаропластика жасатқан әйел көз жұмды

Өскеменде 61 жастағы әйел қабағын әдемілеу үшін блефаропластика жасатпақ болған. Сұлулық салонында аталған процедураны лицензиясы жоқ маман жасаған. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Салон қызметкері медициналық және косметологиялық қызметпен айналысуға ешқандай лицензиясы болмаса да, клиентке блефаропластика жасады. Біраз уақыттан кейін әйел адам ауырып, шұғыл түрде аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді», - делінген ақпаратта.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел анафилактикалық шоктан көз жұмды.

«Осы фактіге орай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 322-бабы 3-бөлігімен (Анықтамасы және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуының абайсызда адам өліміне әкеліп соғуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Салон қызметкері 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - делінген хабарламада.