Өскеменде тасқынның салдарын жоюға қатысқандар марапатталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев тасқын кезінде апат салдарын жоюға белсенді атсалысқан тұрғындарды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде тасқынның салдарын жоюға қатысқандар марапатталды

Тасқын кезінде облыс орталығында 72 үйді су алып, 178 аула бүлінген болатын.

«Табиғи апатты көптің көмегімен ғана еңсере алдық. Қарапайым тұрғындардың құтқарушылармен қанаттаса жүріп көмек көрсеткенін көрдік» - дейді Қуат Тұмабаев.

Оның айтуынша №5518 әскери бөлімінің 100-ден астам сарбазы  Ахмер, Согра, Меновное, Шмелев лог елді мекендерін су алған кезде жанкештілікпен еңбек еткен.

Алғыс арқалағандар арасында облыстық «Халифа Алтай» мешітінің ұжымы да бар. Олар тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 10 тоннадан астам азық-түлік жинап берген.  Апат болған елді мекен тұрғындарына киім-кешек пен азық-түлік жинайтын бекет ұйымдастырған  «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы да әкім қолынан алғысхат алды.