Өскеменде «Тәуелсіздік туын тіккендер!» фотосурет көрмесі ашылды
Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы кітапханада «Тәуелсіздік туын тіккендер!» фотосурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды Kazinform.

Көрмеге арқау етілген фотосуреттер шығысқазақстандық желтоқсаншылар сыйға берген кітапқа сүйеніп шығарылған.
- Бұл кітапты әркім алып оқи бермейтіндіктен келушілерге фотосурет арқылы көрсетіп таныстыру мақсат етілді. Көрмеде Желтоқсан көтерілісіне шыққан қайсар мінезді қайраткерлердің суреттері, өмірбаяндары беріліп, олар туралы жазылған кітаптар, газеттер мен журналдар топтастырылған, - дейді О.Бөкей атындағы кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.

Қала халқы қазіргі заманның батырларымен жақын танысып, сол бір қиын заматтың тыныс-тіршілігіне бойлай алады.
- №3 мектеп оқушылары руханият ошағына келіп, көрмені тамашалап кетті. Олар көрмеге қойылған фотосуреттердегі тың ақпараттарды смартфондағы гугл-аудармашы арқылы бірнеше тілде оқи алды. «Тәуелсіздік туын тіккендер!» көрмесі 28 желтоқсанға дейін жалғасады. Тарихымызды танытатын көрмеден қапы қалмаңыздар. Сіздерге есігіміз әрдайым ашық!, - дейді Ж.Жиенбекова.
