Өскеменде тоғанның ластануына байланысты экологтар тексеру жүргізуде
Өскемен қаласының Прохладный шағын ауданындағы тоғанның ластануына байланысты экологтар тексеру жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Прохладный шағын ауданының Бажов көшесіндегі № 345/3 үй мен саяжайлар арасындағы тоғанның ластанғаны жайлы шағым түсті. Олар суға мұнай төгілуі мүмкіндігін жеткізген. Бірден оқиға орнына экологтар келіп жетті.
«Химиялық талдау үшін судан сынама алынды. Көзбен шолу кезінде су сыртқы факторлардың әсерінен ластануы мүмкін деген болжам жасалды. Себебі тоғанда өлі балықтар табылмады, ал мұнай өнімдеріне жүргізілген зерттеу нәтижелері оның шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайтын мөлшерде болғанын көрсетті», - делінген ақпаратта.
Тоғанның нақты неден ластанғаны судың химиялық зерттеулерінің толық нәтижелерінен кейін анықталмақ.