Өскеменде төрт баласына 2,5 млн теңге алимент төлемей жүрген борышкер табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полицейлері балаларына 2,5 млн теңге алимент төлемей жүрген ер адамды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде төрт баласына 2,5 млн теңге алимент төлемей жүрген борышкер табылды

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қалалық ПБ көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысының қаулысы келіп түскен.

Онда жазылғандай, кәмелетке толмаған төрт баласына алимент төлеуден жалтарған 50 жастағы ер адамның жалпы қарызы 2 500 000 теңгеден асқан.

Тәртіп сақшылары бірден қашып жүрген борышкерді іздеуге кірісті.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында көші-қон қызметінің мамандары алимент төлемей жүрген азаматтың орналасқан жерін анықтады. Өскеменнен табылған ер адам сол күні-ақ қарыз мөлшерін толықтай өтеді», - деді облыстық ПД бастығы Сағат Мадиев.

Айта кетейік, жыл басынан бері полиция қызметкерлері алимент төлемеген 350-ден астам адамды анықтаған.