Өскеменде трамвайлар тоқтады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында трамвай қозғалысы тоқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өскемен көлік компаниясының мәліметіне сүйенсек, трамвай қозғалысының тоқтауына Мызы көшесіндегі техникалық апат себеп болды.
«Аталған көшеде трамвай желісі үзіліп қалған. Соған орай қоғамдық көліктер қатынауын тоқтатты. Қазіргі уақытта оқиға орнында апаттық топ қызметкерлері желіні мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде. Шаһар тұрғындары мен қонақтарынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, осындай техникалық апат биыл бірінші рет болып отырған жоқ. Таяуда дәл осы көшеде трамвай желісі үзілген болатын.