02:56, 23 Ақпан 2023 | GMT +5
Өскеменде түрмеден қашып кеткен адам бірнеше сағаттың ішінде ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында түрмеден қашып кеткен адам бірнеше сағаттың ішінде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
22 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №16 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан ер адам қашып кеткен. Белгілі болғандай, ол осыдан екі жыл бұрын тонау жасағаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 2-бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айырылған.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары ақпарат түсе саласымен бірден жедел-іздестіру шараларына кірісті. Сотталған адам сол күні қолға түсті.
«Полицейлер ер адамды бірнеше сағаттың ішінде Өскемендегі көшелердің бірінде ұстады. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 426-бабына (қамау орындарынан қашу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта.