Өскеменде үй қызметшісі сейфтен ұрлаған 61 млн теңгеге той жасап, пәтер алған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында үй қызметшісі болып жұмыс істеген 21 жастағы қыз сейфтен 130 мың доллар ұрлап кеткен. Сол ақшаға ол ұзату тойын жасап, пәтер және көлік сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 35 жастағы қала тұрғыны «102» жедел арнасына хабарласып, үйіндегі сейфте тұрған 130 000 АҚШ доллары жоғалғанын жеткізді. Бұл 61 100 000 теңгеге тең.
Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні анықтады. Ол жәбірленушінің үйінде қызметші болып жұмыс істеген 21 жастағы қыз болып шықты.
«Күдіктінің айтуынша, ол тамыз айының басында сейфтен алғаш 10 000 АҚШ долларын ұрлаған. Сол ақшаға шетелге барып демалып келген. Демалыстан оралған қыз үй иелері ақшаның жоғалғанын мүлде байқамағанын көрді. Сөйтіп, ештеңе болмағандай сол үйде жұмысын жалғастыра берген», - делінген ақпаратта.
Бір айдың ішінде ол сейфтен 130 000 АҚШ долларын қолды қылды. Бұл ақшаға ұзату тойын жасап, пәтер және көлік сатып алған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігіне (Ірі көлемде жасалған ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Фото: polisia.kz