Өскеменде үйден қашқан 15 жастағы қыз бір айдан кейін Алматыдан табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде 15 жастағы қыз Алматыға қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға жүгінген әйел адам кәмелетке толмаған қызын тауып беруді сұраған. Оның айтуынша, 15 жастағы Оксана 27 маусымда сағат 07.00-де үйден шығып, жоғалып кеткен.

«Анасы қызының әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысып, Алматы қаласына қашып кеткеніне сенімді болған. Телефонына қоңырау шалғанында ол үйге қайтуға үзілді-кесілді бас тартқан. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған қызды табу үшін іздестіру шараларын қолға алды», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.

Тәртіп сақшылары 8-сынып оқушысының шамамен орналасқан жерін анықтағаннан кейін Алматы қаласына жолға шықты. Іздеуге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор Қайрат Өтепбаев пен криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Нұртас Болатов аттанған.

«Анықталған мекенжайға келгенде Оксана жоқ болып шықты. Олар бұл үйді жалға алған екен. Қандай да бір ақпарат алу үшін сол маңдағы барлық адамдардан жоғалған қыз туралы сұрап шықтық. Көршілердің айтуынша, жасөспірім қыз Түрксіб ауданына кеткен», - деді Қайрат Өтепбаев.

Оның айтуынша, басты міндет – кәмелетке толмаған баланы тез тауып, анасына қайтару болды. Сол үшін полицейлер бар күш-жігерін жұмсаған. Өйткені қыз үйінен тым алыста бейтаныс адамдармен жүрген.

«Әйтеуір, Оксананы аялдамалардың бірінен таптық. Қыз әлеуметтік желідегі жігіт туралы ештеңе айтпады. Жай ғана Алматыда өмір сүргісі келгендігін алға тартты. Алайда анасы қарсы болғандықтан қашып кетуге мәжбүр болғанын жеткізді», - деді тәртіп сақшысы.

Полиция қызметкерлері осы оқиғаға орай тексеру жұмыстарын жалғастырмақ.


Соңғы жаңалықтар
telegram