Өскеменде велосипедпен келе жатқан бала жолға шығып кетіп, көлікке соғылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында велосипедпен келе жатқан жасөспірім жолға шығып кетіп, көлікке соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде велосипедпен келе жатқан бала жолға шығып кетіп, көлікке соғылды
Фото оқиға куәгерлерінен

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы Теміржолшылар көшесінде болған.

«Велосипедпен жолда келе жатқан 14 жастағы бала қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota Camry көлігіне соғылған. Жол апаты салдарынан жасөспірім жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алды», - делінген ақпаратта.

Кәмелетке толмаған балаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы 1-бөлігі бойынша (жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуы) әкімшілік хаттама толтырылды.